Жазғы маусым – балалар үшін қызыққа толы кезең. Алайда бұл мезгілде жауапкершілік те еселеп артады. Себебі, ойынға берілген бала кейде қарапайым сақтық ережелерін естен шығарып жатады. Мұндай келеңсіздіктердің алдын-алу үшін бүгін Абай ауданы әкімдігі мен төтеншеліктер жазғы лагерьге барып, балаларға қауіпсіздік талаптарын түсіндірді. Мамандар арнайы техникалар мен құтқару құралдарының жұмысын көрсетіп, жадынамалар таратты.


Сын-қатер сағат санап келмейді. Ол кейде күтпеген кезде орын алып, әп-сәтте үлкен қауіпке ұласуы мүмкін. Әсіресе жаз мезгілінде қауіпсіздікке назар аудару аса маңызды. Шомылу маусымы басталғалы Абай ауданында бір қайғылы жағдай тіркелді. Ескертуді елеусіз қалдырып, қауіпсіздік талаптарын сақтамаған жасөспірім суға кетіп, ажал құшты. Сондықтан құтқарушылар бүгін балаларға өрттің алдын алу, табиғат аясында сақтық шараларын сақтау, терезеден құлау қаупі мен төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету жолдарын түсіндірді.


НҰРГЕЛДІ ДҮЙСЕН, АБАЙ АУДАНДЫҚ ТЖБ ОФИЦЕРІ
Жалпы, жазғы уақытта орын алатын қайғылы жағдай мен қауіп-қатердің алдын-алу үшін осындай түсіндіру жұмысын жүргізіп жатырмыз.Балаларға бұл жайлы ескертіп, талаптарды түсіндіреміз.


Теориялық бөлім тәжірибелік көрсетіліммен жалғасты. Құтқарушылар арнайы техникалар мен авариялық жабдықтармен таныстырып, құралдардың қалай қолданылатынын көрсетті. Балалар арнайы көліктерді жақыннан көріп, төтеншеліктердің күнделікті қызметімен танысты.


ЖӘНИЯ АБУЛЛА, ОҚУШЫ
Бүгін төтенше жағдай өкілдері келіп, өрт кезінде қалай әрекет етуді түсіндірді.Құтқарушылардың құрал-жабдықтарымен де таныстық.Жалпы, көптеген ақпараттар білдім.


Апат айтып келмейді. Қауіптің алдын алу үшін жаз басталғалы бері құтқарушылар түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.


ДАМИР ИСКАКОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ
«Өрт шыққан жағдайда қандай іс-әрекет жасалады, қалай жүзу керек, қауіпсіздік ережесін қалай сақтау керек?» деген сауалға жауап беру үшін бүгінгі шараны ұйымдастырып жатырмыз.Түсіндіру жұмысы алдағы уақытта да жалғасатын болады.


Жиында балалар мамандарға қызықтырған сауалдарын жолдап, қауіпсіздік ережелері бойынша білімдерін толықтырды. Мұнан соң қатысушыларға арнайы жадынамалар таратылып, жазғы демалыс кезінде қарапайым сақтық қағидаларын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.