Түркістан облысы импортқа тәуелділікті азайтып, экспорттық әлеуетін арттыруға ден қойды. Өңірде жаңа өндірістер іске қосылып, инвестициялық жобалар көбейіп келеді. Алдағы үш жылда тағы ондаған жаңа кәсіпорын ашылып, екі мыңнан астам адам жұмыспен қамтылмақ.


Өңірде экспорт көлемі артып, импорт азайып келеді. Былтыр облыстан 1 миллион 571 мың тонна өнім экспортталған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 16 пайызға жоғары көрсеткіш. Ал биылғы жылдың алғашқы төрт айының өзінде көлемі 2 есеге артқан.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Облыста  импортты алмастыру жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру қажет. Шикізатты терең өңдеп, дайын өнім шығаратын өндірістерді көбейту – өңір экономикасының басты міндеттерінің бірі. Өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін әлемдік ірі инвесторларды тартып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық берілуі тиіс.


Қазір облыста импортты алмастыру бағытында еден жабындары, алюминий бұйымдары, тұрмыстық тоңазытқыштар мен алкогольсіз сусындар өндіретін кәсіпорындар жұмысын бастады. Сондай-ақ, мата, ауыл шаруашылығы техникасы, құрылыс материалдары мен басқа да дайын өнім шығаратын жаңа өндіріс ошақтарын ашу қолға алынды.


НҰРЖІГІТ МЫРЗАХМЕТОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ САУДА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Жүргізілген талдау нәтижесінде республикадан шикізат күйінде экспортталатын мыс, алюминий, темір, полипропилен және өзге де өнімдерді Түркістан облысында терең өңдеуге мүмкіндік бары анықталды. Осыған сәйкес мыс құбырлары, радиаторлар, кабельдер, алюминий профильдері, құрылыс материалдары, металл конструкциялары, полипропиленнен жасалатын тұрмыстық бұйымдар және басқа да дайын өнімдер шығаратын 40 әлеуетті инвестициялық жоба әзірленіп, әрқайсысына инвестициялық паспорт дайындалған.


Агроөнеркәсіп саласында да ауқымды жоспар бар. 2026–2028 жылдары жалпы құны 269 миллиард теңгені құрайтын 43 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Мұның нәтижесінде 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.


ӘЛІБЕК ПЛАЛОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында бірқатар жобаны қолға алу жоспарда. Қазіргі таңда облыс халқы көкөніс, бақша, картоп, жүзім, сиыр, қой және жылқы еті, сондай-ақ сүт өнімдерімен толық қамтамасыз етілген. Дегенмен құс етімен қамтамасыз ету деңгейі – 21 пайыз, жұмыртқа – 47 пайыз, шұжық өнімдері – 50 пайызды құрайды.Осы тапшылықты жою үшін жалпы құны 60 млрд теңгені құрайтын төрт ірі жоба жүзеге асырылуда.


Өңір басшысы жауапты басқармаларға импортты алмастыру жобаларын сапалы әрі мерзімінде жүзеге асырып, өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.