Конституция – елдің құқықтық жүйесінің негізі әрі мемлекет дамуының басты бағдары. Ата заңның қолданысқа енгізілуіне орай еліміздің білім беру ұйымдарында арнайы ғылыми кездесулер ұйымдастырылуда. Солардың бірі Жұмабек Ахметұлы Тәшенов университетінде өтіп, Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданысқа енгізілуі және оны құқықтық тұрғыдан іске асыру мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында Конституцияның қолданысқа енуіне байланысты мемлекеттік институттардың қызметін құқықтық тұрғыдан үйлестіру, заң нормаларын бірізді қолдану және құқықтық айқындықты қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Қатысушылар Конституциялық Соттың ресми түсіндірмелері өтпелі кезеңде конституциялық нормаларды дұрыс әрі бірізді қолдануға негіз болатынын атап өтті. Университет ректоры Қанат Байболов құқықтық сауаттылық пен ғылыми көзқарастың бүгінгі қоғам үшін айрықша маңызды екенін жеткізді.
ҚАНАТ БАЙБОЛОВ, ЖҰМАБЕК ТӘШЕНОВ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТТІҢ РЕКТОРЫ
Біздің міндетіміз тек ғана маман дайындау емес. Конституцияны құрметтейтін заңға бағынатын ғылым мен технологияны меңгерген жаңа буынды тәрбиелеу.
Жиында жоғары оқу орындарының құқықтық реформаларды ғылыми тұрғыдан зерделеудегі рөлі мен заң ғылымын дамыту мәселелері де кеңінен талқыланды. Сонымен қатар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің құқықтық зерттеулер жүргізу және құқық қолдану тәжірибесін жетілдірудегі мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
МЫРЗАБАЙ МЕЙІРБЕКОВ, АҒА ОҚЫТУШЫ
Біздің университетімізде мысалы жасанды интелект мектебі ашылды. Студенттерімізге осы салада білім беріліп жатыр. Бұл жобаны Шымкентте ең алғашқы болып бізідің университет бастап отыр.
Жиын барысында Конституцияның мемлекеттің құқықтық негізі ғана емес, елдің тұрақты дамуының басты кепілі екені айтылды. Сондықтан конституциялық өзгерістердің мәнін терең түсіну, оларды ғылыми тұрғыдан зерделеу және тәжірибеде дұрыс қолдану – бүгінгі күннің маңызды міндеті екені атап өтілді. Осы бағытта университет білім беру мен ғылымды ұштастыра отырып, құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға үлес қосатын білікті мамандар даярлауға басымдық беріп келеді.