Адам мен жануар денсаулығының қауіпсіздігін қатар қамтамасыз ететін маман. Жануарлардан адамға жұғатын қауіпті аурулардың алдын алып, азық-түлік қауіпсіздігін бақылауда ұстайтын ветеринарлар бүгін кәсіби мерекесін атап өтті. Осыған орай Шымкент қаласында Ветеринариялық қызметкерлер күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Мерекелік жиынның шымылдығын ашқан қала басшылығы мен сала жетекшілері ветеринария қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Басқосуда агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы ветеринария саласының стратегиялық маңызына тоқталды. Сондай-ақ мегаполистегі эпизоотиялық тұрақтылықты сақтап, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халық денсаулығын қорғауға күн сайын үлес қосып жүрген мамандардың еңбегі жоғары бағаланды.
СЫРЫМ ҚАРАБЕК, БИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Ветеринария саласы бұл елдегі стратегиялық маңызы бар салалардың бірі. Жануарлар мен адамдарға ортақ аса қауіпті аурулардың алдын алу күнделікті тұтынып жатқан тағам өнімдерін бақылауын қадағалауын қамтамасыз етеді.
Іс-шараның ресми бөлімінде Шымкент қаласының ветеринария саласының дамуына елеулі үлес қосқан, өз ісіне адалдық танытып, жоғары кәсібилігімен ерекшеленген сала мамандары мен көп жылдық тәжірибесі бар ардагерлер марапатталды. Оларға қала әкімдігінің Алғыс хаттары мен арнайы төсбелгілері салтанатты жағдайда табысталды.
АЯН БАЙЖАНОВ, МАРАПАТ ИЕСІ
Жалпы халық тұтынатын тағамдарға күнделікті қадағалау жүргізіледі. Өте жоғары деңгейде өтіп жатыр.
Мерекелік шара аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Кәсіпкерлер өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынып, табиғи әрі сапалы өнім түрлерін таныстырды.
ДАРИНА ТАСБОЛАТ, КӘСІПКЕР
Бал қымыз өндіреміз. Біздің өнімнің дәмдері әртүрлі. Тәтті ашшы орташа ашы қымыз бар.
Салтанатты жиынның ресми бөлімі мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты. Қала өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары ән мен күйден шашу шашып, мереке иелеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлады.