Тамшыдан тіршілік басталады. Ал сол тіршіліктің өзегіне айналған суды ел игілігіне жеткізіп жүрген мамандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Түркістан облысында су шаруашылығы жұмысшыларының күніне орай сала қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, үздіктерге арнайы марапат табысталды.


Ордабасы ауданындағы «Бөген» су қоймасында өткен салтанатты жиынға гидротехниктер, инженерлер, су шаруашылығы ұйымдарының қызметкерлері жиналды. Мерекелік шарада облыс әкімі Нұралхан Көшеров сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, олардың ел экономикасы мен ауыл шаруашылығының өркендеуіне қосқан үлесін жоғары бағалады.


ШҮКІР ҚОШҚАРБАЕВ, ЕҢБЕК АРДАГЕРІ
Су шаруашылығымен айналысып келе жатқаныма 54 жыл болды. Өмірімнің жарты бөлігі осы шаруашылықта өтті. Бүгінгі таңда да жастарға бар білгенімді үйретіп, тәжірибеммен бөлісіп келемін.


Бүгінде Түркістан облысында 575 мың гектар суармалы жер бар. Оған қызмет көрсететін жүйеде 42 су қоймасы, 4 мыңнан астам канал, мыңдаған ұңғыма мен қашыртқы жұмыс істейді. Биыл су қоймаларындағы су көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,4 миллиард текше метрге артып, толу деңгейі 50 пайызға жеткен. Өңірде су инфрақұрылымын жаңғырту ісі де қарқын алды. Ислам даму банкі қаржыландыратын алғашқы тоғыз жобаның құрылысы басталып, су үнемдеу технологияларын енгізу көлемі 164 мың гектарға дейін ұлғайтылмақ.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Түркістан облысында 575 мың гектар суармалы жер бар. Өңірдегі су шаруашылығы жүйесіне 42 су қоймасы, 4 мыңнан астам канал, 1 794 тік ұңғыма және 1 256 қашыртқы кіреді. Биыл су қоймаларындағы су көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,4 миллиард текше метрге артып, толу деңгейі 50 пайызға жетті.


Жиында елдің амандығы мен жауын-шашынның мол болуы үшін тасаттық берілді. Мереке аясында су шаруашылығының дамуына сүбелі үлес қосқан мамандар министрлік пен облыс әкімінің марапаттарына ие болды. Еңбек адамын ұлықтаған салтанатты кеш ән мен күйге ұласып, ел ырысын еселеп жүрген мамандарға ерекше құрмет көрсетілді.