4 мыңға жуық шымкенттік алимент төлеуден жалтарып жүр. Жыл басынан бері ата-аналық міндетін орындамаған 31 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бас бостандығы шектелген. 132 азамат әкімшілік қамаққа алынып, 82 тұлғаға ескерту беріліп, айыппұл салынған.

Борышкерлерді жұмыспен қамту мақсатында биыл 9 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Нәтижесінде 254 алимент төлеуші жұмысқа орналасып, берешегін өтеуді бастаған. Мамандардың айтуынша, алимент төлеуден жалтаратындарға алдымен ескерту беріледі. Оған құлақ аспағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қамаққа алынады. Ал одан да нәтиже болмаса, қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


АЙНҰР ИСАБЕКОВА, ҚАЛАЛЫҚ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Қазіргі таңда қаламызда 1385 осындай іс бар. Оның ішінде 3787 алимент бойынша берешек қалыптасқан. Бұл борышкердің өз міндетін үш айдан астам уақыт орындамағанын білдіреді. Міндетін уақытылы орындамаған 31 азамат сот үкімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Департамент биыл бөтеннің тауар таңбасын заңсыз пайдаланған 24 тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғаған. Өзгенің брендін иемденіп, көшірме өнім өндіргендерге сот 2 миллион 700 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Сондай-ақ, айналымнан жалпы құны 6 миллион теңгеден асатын 2 мыңнан астам контрафактілік өнім тәркіленген.

АЙНҰР ИСАБЕКОВА, ҚАЛАЛЫҚ ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Бөтен біреудің тауар таңбасын негізге алып, бір немесе екі элементін өзгертіп, оны өзінің өнімі ретінде көрсету – заңсыз.

Баспасөз мәслихаты сұрақ-жауап форматында жалғасты. Департамент басшысы журналистердің сауалдарына жеке-жеке тоқталып, толыққанды жауап берді.