Шымкентте Қала күні мен Жастар ресурстық орталығының 15 жылдығына орай «JASTAR CUP III» республикалық шағын футбол турнирі өтті. Еліміздің жеті өңірінен келген жастар саясаты саласының мамандары жасыл алаңда кездесіп, өзара тәжірибе алмасып, спорт арқылы достық пен ынтымақтастықты нығайтты.
Шырайлы Шымкент тағы бір ауқымды жастар шарасының орталығына айналды. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің спорт алаңында өткен «JASTAR CUP III» республикалық турнирі жастар ресурстық орталықтарының мамандарын бір арнаға тоғыстырды. Дәстүрлі додаға Алматы, Ақтөбе, Ақмола, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласынан келген командалар қатысып, үздіктерді анықтады.
АРМАН ОСПАНОВ, СПОРТШЫ
Шымкент қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы университетте болып жатқан іс-шараға келіп қалдық. Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен республикалық турнир өтіп жатыр. Бұл жердегі мақсат – басқа қалалардағы жастармен араласу, тәжірибе бөлісу, салауатты өмір салтын насихаттау. Жаз мезгіліндегі керемет іс-шара деп есептеймін.
«JASTAR CUP» турнирі бірнеше жылдан бері жастар саясаты саласының мамандарын біріктіріп келеді. Бұған дейін Түркістан мен Қызылордада өткен жарыс биыл Шымкентте жалғасын тапты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл спорттық бәсекеден бөлек, кәсіби байланыстарды нығайтып, өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаң.
ЖАНСЕРІК ЖҰМАН, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ КММ БАСШЫСЫ
19-шы маусым Қала күніне және Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығының 15 жылдығына орай бүгін «JASTAR CUP III» республикалық шағын футбол турнирі өтуде. Жалпы 7 өңірден 11 команда өтінім білдіріп, кіл мықтыны анықтауда. Бұл жарыс жастар орталықтарының қызметкерлері мен жастар мамандарының тәжірибе, пікір алмасуына үлкен мүмкіндік береді. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар мен қаржылай марапаттар қарастырылған.
Турнирге қатысушылардың қатарында Жамбыл облысының құрамалары да бар. Әулиеата өңірінен арнайы келген жастар мамандары мұндай жарыстардың достық қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, кәсіби біліктілікті арттыруға да ықпал ететінін айтады.
АЙБЕК ҚАДЫРАЛИЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Біз Шымкент қаласында өтіп жатқан жастар ресурстық орталықтары арасындағы додаға Жамбыл облысынан арнайы келіп отырмыз. Жалпы өңірімізден үш команда жасақталды. Осындай ауқымды шаралар жастар мамандарының біліктілігін арттырып, өзара достық қарым-қатынасты нығайтуға үлкен септігін тигізеді. Шымкент қалалық жастар орталығына алғысымызды білдіреміз және жарысқа сәттілік тілейміз.
Тартысты өткен турнир қорытындысында үздік командалар кубок, диплом және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Ал ерекше ойын өрнегін көрсеткен қатысушылар арнайы номинацияларға ие болды. Спорт пен достықты ұштастырған «JASTAR CUP» алдағы жылдары да жастардың басын қосып, өңірлер арасындағы ынтымақтастықты арттыра түспек.