«Біз радиация зиянынан қорқамыз!» Интернет бағанасын орнатуға қарсы тұрғындар осылай дейді. Әкімдік қаладағы байланыс сапасы төмен аймақтарды анықтап, осал учаскелерге базалық станциялар орнатып келеді. Алайда кейбір тұрғындар мұның денсаулыққа зияны бар екенін айтып, қарсылық танытып отыр.
Міне, дәл осы жерде Tele2, Kcell байланысының сапасы нашар. 0 көрсетіп тұр. Негізгі норма – 5-тен жоғары. 5-тен төмен болса, ол өте нашар деген сөз.
Мамандар кезекті интернет бағанасын «Нұрсәт» шағынауданындағы №198 тұрғын үйдің маңына орнатпақ болған. Алайда жергілікті тұрғындар оның зияны болуы мүмкін екенін айтып, қарсылық білдірді.
АИДА АМАНБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Мұның тұрғындарға зияны бар десек, зияны жоқ деп ауызша жауап беріп отыр. Ауызша жауап бізді қанағаттандырмайды. Бізге зияны жоқ екенін дәлелдейтін нақты құжат қажет. Өзіңіз көріп тұрсыз, дәл осы жерге орнатпақшы. Бізге нақты жауап керек. Болмаса, осы төрт тұрғын үйдің тұрғындары сотқа дейін барамыз.
Тұрғындар бағананың радиациялық әсерінің қауіпсіз екенін растайтын ресми құжат талап етіп отыр. Ал жауаптылар базалық станцияның адам денсаулығына зияны жоқ екенін айтады. Дегенмен санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды бағана орнатылып, іске қосылғаннан кейін жүргізілетін өлшеу нәтижесі бойынша берілетінін жеткізді. Мамандар қала аумағында бүгінде осындай 1700-ге жуық базалық станция жұмыс істейтінін айтып, олардың ешқандай қауіп төндірмейтінін мәлімдеді.
ЕРНҰР ҚЫРҒЫЗБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Мұның электромагниттік сәулелену деңгейі 1-ге де жетпейді. Ал көрсеткіш 10-нан асқан жағдайда ғана зиянды болып саналады. Бұл станцияның қамту радиусы 3 шақырымға дейін жетеді. Биыл осындай 33 бағана орнаттық.
Мамандар тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қойылған сауалдарға жауап берді. Алайда тұрғындар қазіргі байланыс сапасына шағымдары жоқ екенін айтып, базалық станцияны өз үйлерінің маңына орнатуға қарсы екендерін жеткізді.