Елімізде шілде айының алғашқы онкүндігінде заңсыз айналымнан 760 келі есірткі тәркіленді. Оның – 121 келіден астамы-синтетикалық есірткі болса, 266 келісі – прекусорлар. Бұл – Ішкі істер министрлігі жүргізіп жатқан «Қарасора» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының аралық қорытындысы.


Министрліктің мәліметінше, осы уақыт аралығында 187 құқықбұзушылық анықталған. Тәртіп сақшылары есірткіні өткізудің 46 фактісін, аса ірі мөлшерде сақтаудың төрт дерегін, сондай-ақ құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз егудің 40 фактісін анықтады. Бұдан бөлек, заңсыз контрабанданың төрт дерегі тіркелген. Мамандар «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қойып, оны өндіру мен таратудың жолын кесуге бағытталғанын айтады. Қазір рейдтік және жедел-іздестіру шаралары еліміздің барлық өңірінде жалғасып жатыр.