Енді Жетісай ауданының тұрғындары сапалы медициналық көмек алу үшін алысқа бармайды. Асықата кентінде заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа медициналық орталық пайдалануға берілді. Мұнда денсаулықты жіті тексертіп, күрделі емдеу шараларын жүргізуге де мүмкіндік бар.
«Aksu Samruk Medical Clinic» – өңірдегі денсаулық сақтау саласына қосылған жаңа нысан. Медициналық орталықтың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарды маңызды әлеуметтік нысанның ашылуымен құттықтады.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бұл заманауи орталықты жеке инвесторлар өз қаражаты есебінен салды.Бұл нысан мемлекет пен жеке инвестицияның тұрақты түрде жүзеге асып келе жатқанын көрсетеді.
Жаңа орталық жергілікті кәсіпкер Елдос Байыспаевтың 2 млрд теңге инвестициясы есебінен салынған. Жалпы аумағы 2565 шаршы метр болатын ғимарат соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталған. Орталық бір күнде 280 адамға дейін қабылдауға қауқарлы.
ЕРНҰР ҚАНАТҰЛЫ, КЛИНИКА ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ
Мекеменің көлемі 2425 шаршы метрді құрайды.Барлық заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.Алға қойған мақсатымыз-барлық ауыл, елді-мекен тұрғындарына медицналық қолдау көрсету.
Медициналық кешенде балалар мен ересектерге арналған вакцинация бөлмелері, зертханалар, заманауи жедел жәрдем көліктері жұмыс істейді. Әрі жаңа жоба аясында 70 маман жұмыспен қамтылмақ.
САЛИМА СЕРАЛИВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
Бұрын біз компьютерлік томографияға түсу үшін қалаға баратынбыз.Енді бүкіл заманауи инфрақұрылымың бәрі де осы орталықта бар.Тұрғындар да қуанышты.
Өңірде соңғы жылдары денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңартуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Түрлі емдеу мекемелері бой көтеріп, тіпті шалғайдағы ағайын да тегін көмекпен қамтылды. Ендігі мақсат – медициналық орталықтарға заманауи құралдар жеткізу-,дейді мамандар.