Қаладағы құрылыс қарқыны мен әлеуметтік жобалардың жүзеге асуы – қала әкімінің жіті бақылауында. Осы мақсатта шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков бірқатар әлеуметтік, инфрақұрылымдық және өндірістік нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бағамдады.


Алдымен қалалық диагностикалық орталықтағы күрделі жаңғырту жұмыстары тексерілді. Құрылыс белгіленген кестеге сай жүргізілуде. Жоба толық аяқталған соң медициналық мекеме заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, тұрғындарға көрсетілетін диагностикалық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі арта түспек. Жұмыс сапары №1 «Білім-инновация» ер балаларға арналған лицей-интернатында жалғасты. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары қарқын алған. Инженерлік жүйелер толық жаңартылып, ғимараттың ішкі-сыртқы әрлеуі мен аумақты абаттандыру қатар жүргізілуде. Қала әкімі жауапты сала басшыларына құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Одан кейін Еңбекші ауданындағы Орынбай ақын көшесінде салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолы, Исраилов көшесін қайта жаңғырту және Айнатас тұрғын алабындағы жол құрылысының барысы назарға алынды. Жұмыс сапары өндіріс орындарында қорытындыланды. Ғабит Сыздықбеков «Alsera KZ» және «Fabe Agro» жылыжай кешендерінде болып, өндірісті ұлғайтуға бағытталған жаңа жобалармен танысты. Бұл бастамалар өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қала тұрғындарын сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге жол ашады.