Түркістан облысында елді мекендерді табиғи газбен қамту қарқыны артып келеді. Дегенмен, атқарылар жұмыс әлі де аз емес. Осыған байланысты өңір басшысы Нұралхан Көшеров газдандыру жобаларының орындалу барысын саралап, саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Басымдық - тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдетіп, инфрақұрылымның сапасын арттыру.

Мәжілісте газ құбырларының құрылысы, жаңа елді мекендерді көгілдір отынға қосу және жобалардың уақытылы аяқталуы басты назарға алынды. Облыс әкімі жауапты мекемелерге әрбір нысандағы жұмыстың сапасын күшейтіп, белгіленген мерзімнен кешікпеуді тапсырды. Сонымен қатар қаржылық тәртіпті нығайтып, газ саласындағы берешекті азайту бойынша нақты міндеттер жүктеді. Өңірде газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Өткен жылы ондаған жоба аяқталып, 41 елді мекендегі 102 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Соның нәтижесінде облыстағы газдандыру деңгейі 88 пайызға жетті. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Жыл соңына дейін тағы 33 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осылайша 34 елді мекендегі 35 мыңнан астам тұрғын көгілдір отын игілігін көреді. Ал жүзеге асып жатқан жобалардың нәтижесінде өңірді газдандыру көрсеткіші 90 пайызға дейін өсіп, 2 миллионға жуық тұрғын табиғи газдың игілігін пайдаланатын болады.