Демалыс күндері Шымкенттің кешкі келбеті әсем әнмен ажарлана түсті. Қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлаған «Шымқала кештері» жобасы бұл жолы «Шымқала» тарихи-мәдени кешені мен Шымсити саябағында жалғасын тапты. Ашық аспан астында өткен концерттерге жиналған жұртшылық әуезді ән тыңдап, жазғы кештің ерекше атмосферасын сезінді.


Кеш шымылдығы әсем әуенмен түріліп, сахнада қаланың талантты әншілері мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Қазақтың халық әндерінен бастап, көпшілік сүйіп тыңдайтын эстрадалық шығармаларға дейін орындалып, концерт көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әрбір ән тұрғындардың көңілінен шығып, саябақтар мерекелік көңіл күйге бөленді.


АЙНҰР АБИЛДАЕВА, «ШЫМКЕНТ-КОНЦЕРТ» КОНЦЕРТТІК ҰЙЫМЫНЫҢ ЭСТРАДА ӘНШІСІ
Бұл іс-шараның мақсаты – қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау. Жалпы мұндай көңілді кештер жаз бойы жалғасып жатыр. Әсем ән әуелеп, өнерпаздар өз өнерін ортаға салады.


Концертке жиналған тұрғындар сүйікті әндерін орындаушылармен бірге шырқап, мәдени жиынның ерекше атмосферасын сезінді. Кешті көтеріңкі көңіл күймен өткізіп, өнер иелеріне алғыс білдірді.


НҰРЛАН ЕСЕКЕПОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Шымкентте үнемі ұйымдастырылып тұратын мұндай концерттер көпшіліктің көңіл-күйін көтереді.Мұны ұйымдастырушыларға бізге осындай керемет көңіл-күй сыйлағаны үшін алғысымызды айтамыз.


Тұрғындардың сүйіспеншілігіне бөленген «Шымқала кештері» жобасы алдағы уақытта да жалғасады. Мәдениет басқармасының бастамасымен қолға алынған мәдени іс-шара аптаның әр сенбі мен жексенбі күндері тұрақты түрде ұйымдастырылып, қала тұрғындарының демалысын мазмұнды өткізуге мүмкіндік береді.