Түркістан өңірінде өндіріс орындарын ашу және терең өңдеу саласын дамыту бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Облыс әкімі Жетісай ауданына барған жұмыс сапары барысында пластик қалдықтарды қайта өңдеу және өндіру зауытының құрылысымен танысты. «KAZ INVA» ЖШС жүзеге асырып жатқан жобаның құны - 2 млрд теңгені құрайды. Өңір басшысы аудан әкімі мен сала жетекшілеріне жобаны сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруды тапсырды.
Жаңа зауытта пластик қалдықтары қайта өңделіп, ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласына қажетті пластик өнімдері шығарылады. 70 адам жұмыспен қамтылып, жылына 10 млн дана өнім шығару жоспарланған. Бұл өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттырып, отандық шикізатты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Айта кетейік, Жетісайдағы 59 гектарлық индустриялық аймақта жалпы құны 30,3 млрд теңгені құрайтын 5 зауыт салу қолға алынған. Оның екеуі іске қосылған, үшеуінің құрылысы жалғасуда. Барлық жобалар толық іске асқанда мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар өндірістік парк аумағында жиһаз, ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектері, құрама жем, темір бұйымдары және химиялық жуғыш заттар өндіретін 5 жоба жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, құны 3,5 млрд теңгені құрайтын «MIR AGRO KZ» ЖШС-нің заманауи жылыжай кешені мен қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр.