Шымкент зообағында аптап ыстыққа байланысты жануарлардың күтіміне өзгеріс енгізілді. Қазір олардың мәзіріне қызылша мен жеміс-жидектен дайындалған арнайы салқын балмұздақ қосылған. Ал вольерлерде су бүрку жүйелері үздіксіз жұмыс істейді. Ыстыққа сезімтал аңдар салқындатқышы бар арнайы орынжайларды паналайды.


ҚАНАТ ҚҰЛБАЙ, ТІЛШІ
Міне, мынау – адам жейтін балмұздақ, ал мынасы – жануарларға арналған түрі. Аптап ыстықта аңдардың ағзасын салқындату мақсатында зообақ қызметкерлері түрлі жеміс-жидек пен көкөністі қатырып, балмұздақ түрінде береді.

Ал мұнда леопард пен пумаға арналған желдеткіш жүйесі орнатылған. Суық климатты мекендейтін жыртқыштар үшін бөлмедегі салқын температураның сақталуы аса маңызды.


Аптап ыстық басталғалы аюлар мен приматтардың мәзіріне де арнайы балмұздақ қосылған. Әрине, бұл адамдар жейтін тәтті емес. Жеміс-жидек пен көкөніс мұзға қатырылып, жануарларға арнайы дайындалады. Осылайша олардың ағзасы салқындатылып, ыстықты жеңіл өткізуіне жағдай жасалады.


НҰРЖАН КӨПЖАСАРОВ, БИОЛОГ-ЭКСКУРСОВОД
Жануарлардың терісі қалың, жүні де қалың болғандықтан, олар ыстықтан көбірек зардап шегеді. Сондықтан жаз мезгілінде ерекше күтім қажет. Өздеріңіз көріп тұрғандай, біз оларға арнайы балмұздақ береміз. Бұдан бөлек, әр қоршауда бассейн бар. Кейбір жануарларды күні бойы шомылдырамыз. Сондай-ақ бірнеше орынға желдеткіш жүйесі орнатылған.

Маймылдар аптап ыстықтан осылай қорғанады. Қызметкерлер вольерлерге таңертең және түстен кейін су шашып, ауаны салқындатып отырады. Кейбір орынжайларда су үздіксіз бүркіледі. Ал бассейндер жануарлардың ең сүйікті орындарының біріне айналған. Суға түсіп сергіген аңдарды тамашалауға келушілер де көп. Жануарлармен қатар, келушілерге де жайлы жағдай жасалған.


БАҒДАТ ӘМЗЕБЕК, ШЫМКЕНТ ЗООЛОГИЯЛЫҚ БАҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ
Мұнда келушілер тек жануарларды тамашалап қана қоймай, көлеңкеде отбасымен немесе достарымен демала алады. Бізде фонтандар мен жерасты су бұрқақтары бар.


Ыстыққа төзімі төмен жыртқыштар арнайы орынжайларда тынығады. Ал бауырымен жорғалаушылар орналасқан террариумдарда күн сәулесінің тікелей түсуіне жол берілмейді. Қолтырауындар мен жыландар аптап уақытта суда қозғалысын барынша азайтып, күннің қызуы басылған кезде ғана белсенді бола бастайды.