Қуаңшылық күшейген шақта табиғаттың тосын мінезіне бейімделудің жаңа жолдары бар. Түркістан облысында дәл осы мақсатта қолға алынған бірегей жоба – жасанды жаңбыр жауғызу технологиясы. Өңірде Орталық Азияда алғаш рет тәжірибеге енгізілген бастаманың нәтижелері сараланып, жобаға атсалысқан мамандар марапатталды.
Түркістан облысы – Қазақстанда жасанды жаңбыр технологиясын тәжірибеде қолданған алғашқы өңір. Ендігі міндет – жаңа тәсілдің тиімділігін бағалап, оны су тапшылығының алдын алуға бағытталған маңызды құралдардың біріне айналдыру. Өңір әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кездесуде заманауи технологияны енгізу барысы талқыланды. Жиында су ресурстарын тиімді пайдалану, егістік алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз ету жайы сөз болды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Жасанды жаңбыр жауғызу технологиясы – болашаққа бағытталған бірегей жоба. Бұл озық технология Орталық Азия елдері арасында тұңғыш рет Қазақстанда, нақтырақ айтқанда Түркістан облысында қолға алынды. Осындай өзара ынтымақтастықтың арқасында өңірімізде маңызды жобаның іргесі қаланды.
Жасанды жаңбыр технологиясын құрастыруға Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инженерлер мен мамандар бірлесе қатысты. Пилоттық жоба аясында жауын-шашын көлемін арттыру мақсатында 14 авиациялық операция орындалған. Сонымен қатар арнайы ұйым мамандары ауа райы процестерін басқару бағытында оқытудан да өтті.
АЛИЯ ОСПАНОВА, ЦИФРЛЫҚ ҮКІМЕТТІ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ
Бұл жоба Қазақстандағы бірегей жобалардың бірі.Арнайы шет мемлекеттен мамандар келіп, жасанды жаңбыр технологиясының тәсілдерімен бөлісті.Алғаш рет Түркістан өңірінде жүзеге асып отыр.
Мамандардың айтуынша, мұндай технология болашақта табиғи жауын-шашынға тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Әсіресе қуаңшылық жайлаған аймақтар үшін бұл – су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған бірегей жоба.