Су – тіршілік көзі, егістіктің берекесі. Қазақстанда су ресурстарын тиімді басқару үшін ауқымды инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды. Енді елде арнайы су қоймалары салынып, каналдар жаңғыртудан өтіп, мыңдаған тұрғынға жаңа жұмыс орны ашылмақ.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында еліміздің барлық өңірінде гидротехникалық нысандарды салу мен қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізгі мақсат – су қорын тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз ету. Ауқымды бастамалар өңірдегі жұмыспен қамту саласына да оң әсер етеді. Жоба нәтижесінде 975 тұрақты, 1866 уақытша жұмыс орны құрылмақ. Кешенді жоспар аясында 42 жаңа су қоймасын салу, 37 қолданыстағы нысанды қайта жаңғырту мен 14,5 мың шақырым канал жүйесін жаңарту жоспарланған. Қазір елде үш жаңа су қоймасының құрылысы басталды. Ал Түркістан облысында екі нысанның құрылыс жұмысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар тағы бірнеше су қоймасына қатысты жобалық құжаттар әзірленіп жатыр. Бұған дейін бес су қоймасы қайта жөндеуден өткен болатын. Биыл тағы сегіз нысан бойынша жобалау жұмыстары аяқталмақ. Салаға қажетті мамандарды даярлау да маңызды бағыттардың бірі саналады. Қазір еліміздегі оқу орындарында су шаруашылығы мамандықтары бойынша 2700-ге жуық студент білім алып жатыр. Болашақ мамандар «Қазсушар» кәсіпорнының филиалдарында тәжірибеден өтіп, кәсіби дағдыларын қалыптастырып келеді. Ал бүгінде бұл салада 29 мыңнан астам адам еңбек етеді.