Түркістан облысында цифрландыру бағытындағы жұмыстар қарқын алды. Өңірдегі 801 елді мекеннің 769-ы 3G және 4G мобильді интернет желісімен қамтылған. Ал байланыс инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік пен жасанды интеллект жобаларын іске асыру мәселелері облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте қаралды.


Бүгінде облыста 196 аумақта 5G базалық станциясы іске қосылған. Байланыс сапасы төмен 95 аумақтың 72-сіндегі мәселе шешімін тапса, қалған елді мекендер жыл соңына дейін сапалы интернетпен қамтылады. Сонымен қатар «Қолжетімді интернет» жобасы аясында 372 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып жатыр.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Жаңадан ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Нақты жоспар бар, нақты тапсырма бар. Енді соны уақытылы әрі сапалы орындау қажет.


Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өңірде 1834 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Ал мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында тағы 8 мың камера мен 750 аппараттық-бағдарламалық кешен орнату басталған. Сондай-ақ мектептердегі интернет сапасын онлайн бақылау, әкімдікке арналған жасанды интеллект көмекшісі, заңсыз құрылыстарды геоақпараттық портал арқылы анықтау және 109 бірыңғай байланыс орталығын цифрландыру жобалары жүзеге асырылып жатыр.


БАЙДӘУЛЕТ АБАЙ, ЦИФРЛАНДЫРУ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Облыс аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын 4G мобильді интернетпен қамту үшін 5 антенна-діңгек құрылысын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттамаға оң қорытынды алынды. 14 шілде күні осы жоба бойынша аукцион өткізіледі.


Жиын қорытындысында облыс әкімі байланыс операторлары ұсынатын мобильді интернет пакеттерінің тиімділігіне талдау жүргізіп, тұрғындар үшін нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар өңірде 5G желісін дамыту жұмыстарын жеделдетіп, цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытудың кешенді жол картасын әзірлеуді және атқарылған жұмыстар бойынша ай сайын есеп беруді міндеттеді.