Қазақстан экономикасы жаңа қарқын алды. Елде жыл басынан бері өндіріс көлемі ұлғайып, инвестиция артып, іскерлік белсенділік күшейді. Биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында жалпы ішкі өнім көлемі 4,1 пайызға өсті.
Бұл – өткен аймен салыстырғанда жоғары нәтиже. Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі экономиканың негізгі салаларындағы өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, нақты сектордағы көрсеткіштер айтарлықтай жақсарған. Әсіресе, мұнайға қатысы жоқ салалар экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Биыл бұл бағыттағы өсім 5 пайыздан жоғары деңгейге жетті. Өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен өзге де саладағы белсенділік көрсеткіштің өсуіне әсер еткен.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ
Биылғы жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша экономика өсімі 4,1%-ды құрады. Бұл қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа жоғары. Оң динамика нақты сектордағы өсім қарқынының қаңтар-мамырдағы 4%-дан қаңтар-маусым қорытындысында 5,1%-ға дейін артуының арқасында қамтамасыз етілді.