Жұмыссыз жүрген жастарды өндіріс орындарына апарып, еңбекке баулу. Түркістан облысында NEET санатындағы жастарды тұрақты жұмыспен қамтудың жаңа тетігі іске асырылып жатыр. Өңірдегі зауыттар мен кәсіпорындарға ұйымдастырылған экскурсиялар арқылы жастар өндіріс үдерісімен танысып, болашақ мамандығын таңдауға мүмкіндік алуда. Жастар саясатының жүзеге асуы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте сараланды.


Жыл басынан бері облыста мемлекеттік жастар саясаты аясында 4 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, оған 434 мыңнан астам жас қамтылған. Соның нәтижесінде 15–34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,9 пайызға дейін төмендеген. Облыс әкімі жауапты басқармаларға бұл көрсеткішті одан әрі жақсартып, әрбір жұмыссыз жасты нақты еңбекке бағыттау бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бұл жерде цифр емес, адам өмірі тұр. Сондықтан бұл жұмысқа статистика ретінде емес, нақты қарауымыз керек. Әр жағдайға талдау жүргізіп, соның негізінде жаңа жоспар бекітуді тапсырамын.


Жиында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл жастарды қолдау бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады. Бүгінде өңірдегі «Отбасын қолдау орталықтары» арқылы жас отбасыларға жан-жақты кеңес беріліп, отбасы құндылықтарын нығайтуға басымдық берілуде. Ал Түркістан, Кентау қалалары мен Төлеби ауданындағы Жастар денсаулық орталықтары жастарға медициналық және психологиялық көмек көрсетіп келеді. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында интернет-алаяқтықтың, нашақорлық пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары күшейтілген. Жүздеген нысанда ақпараттық материалдар орналастырылып, мыңдаған оқушының қатысуымен профилактикалық кездесулер ұйымдастырылған.


БОЛАТ ЖАНӘБІЛ, ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Жыл басынан бері тұжырымдама аясында 4,5 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылып, оған 500 мыңға жуық жас қатысты. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 1 миллион 300 мың жасқа жеткізу жоспарланып отыр.


Ал облыстық «Жастар ресурстық орталығының» мәліметінше, өңірде жастарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар нақты нәтиже бере бастаған. Жыл басында NEET санатында 12 мыңнан астам жас тіркелсе, бүгінде олардың саны 8 мыңнан асатын деңгейге дейін азайған. Мансап орталықтары арқылы 1567 жас тұрақты жұмыспен қамтылды. Ерекше назар өндірістік кәсіпорындарға аударылып отыр. Жұмыссыз және NEET санатындағы жастар үшін облыстағы 16 өндіріс орнына арнайы экскурсиялар ұйымдастырылып, 1685 жас кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Бұл бастама жастардың еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды таңдап, жұмысқа орналасуына мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта оларды бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне кеңінен тарту, кәсіби бағдар беру жұмыстарын күшейту және «Бастау Бизнес» жобасы мен Skills Enbek платформасы арқылы кәсіптік оқытуды жалғастыру жоспарланған.


ЕРНАР БЕКТАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ «ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» КММ-НІҢ БАСШЫСЫ
Өңірде бір облыстық, үш қалалық және 14 аудандық жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Орталықтарда 495 қызметкер еңбек етеді. Бұдан бөлек, облыс бойынша 149 волонтерлік ұйым жұмыс істеп тұр.


Жастар кәсіпкерлігін дамыту бағытында да жұмыстар жалғасуда. Биыл 45 мыңға жуық жасқа мемлекеттік қолдау шаралары түсіндіріліп, 1140 жас «Бастау Бизнес» жобасы аясында мемлекеттік грантқа ие болды. Сондай-ақ көктемгі әскерге шақыру науқанында 2470 жас Отан алдындағы борышын өтеуге аттанса, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған 415 сенбілікке 98 мыңнан астам жас белсенді қатысқан.