Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуы, бюджет кірістерінің орындалуы және халықтың тұрмыс сапасына әсер ететін өзекті мәселелер қала әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық отырыста кеңінен талқыланды. Жиында бағаны тұрақтандыру, жер қорын тиімді пайдалану және бюджет қаражатының игерілу барысы сараланды.

Қаржы басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері Шымкенттің бюджет кірісі жоспардан жоғары орындалған. Ал салық түсімдерінің өсу қарқыны бойынша шаһар республикадағы үздік бес өңірдің қатарына енген. Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы. Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Талғат Мекамбаевтың айтуынша, бүгінде Шымкент баға өсімі ең төмен өңірлердің қатарында. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының деңгейі бойынша республикада үшінші орында тұр. Жиында жер қатынастары саласындағы жұмыстар да пысықталды. Биыл мемлекет мұқтажы үшін 75 жер учаскесіне қатысты қаулы қабылданып, оның 55-і мемлекет меншігіне қайтарылған. Жиын қорытындысында Ғабит Сыздықбеков бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын тұрақты бақылауда ұстауды, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру шараларын күшейтуді және тұрғындарға қолжетімді әлеуметтік сауда орындарының санын көбейтуді тапсырды.