Тұрғын үй кезегінде тұрған 30 отбасы баспаналы болды. Пәтерлер жеңілдетілген несие бағдарламасы аясында берілді. Жалпы, жыл басынан бері 2400 шымкенттік қоныс тойын тойлаған. Жыл соңына дейін тағы 4 мың азаматқа пәтер кілті табысталмақ.
Махсуда Адбумаминова тұрғын үй кезегіне 2015 жылы тіркелген. Осы уақытқа дейін пәтер жалдап келген отбасының бүгін көптен күткен арманы орындалып, екі бөлмелі баспанаға қолы жетті.
МАХСУДА АБДУМАМИНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Өте қуаныштымын! Қала әкімдігіне алғыс. Біз бұл сәтті ұзақ күттік.»
Баспана кілтін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков табыстады. Пәтерлер 2 және 5 пайыздық жеңілдетілген несие арқылы берілді.
КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
2 пайыздық несие І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға беріледі. Қалған санаттағы азаматтар үшін мөлшерлеме – 5 пайыз.
Пәтерлер Бозарық шағын ауданынан берілді. Тұрғын үй басқармасының мәліметінше, жыл соңына дейін баспана кезегінде тұрған тағы 4 мың азаматқа пәтер кілті табысталады.