Мүмкіндігі шектеулі азаматтар қоғамнан шет қалмайды. Оларға жан-жақты қолдау көрсетіп, қажетті қызмет ұсынатын мамандар бар. «Тең қоғам» орталығы ерекше жандарға құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетіп, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасап келеді.

38 жастағы Серікжан Амантайұлына бала кезінен сал ауруы (ДЦП) диагнозы қойылған. Ол бос уақытын «Тең қоғам» орталығында өткізеді. Мұнда моторикалық қабілетін дамытатын ойындар ойнап, ән айтып, шығармашылықпен айналысады.



Орталық Серікжанға тұрақты қолдау көрсетеді. Жыл сайын шипажайға тегін жолдама алып, түрлі үйірмелерге қатысады. Мұнда достарымен араласып, уақытын пайдалы өткізеді.

СЕРІКЖАН АМАНТАЙҰЛЫ, ОРТАЛЫҚ ҚЫЗМЕТІН АЛУШЫ
Жыл сайын шипажайға жолдама береді. Домбыра үйірмесі бар. Ән айтқызады. . Би билетеді.


Былтыр орталық 16 мың азаматқа қызмет көрсетіп, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдескен. Сонымен қатар ақпараттық, құқықтық, әлеуметтік және психологиялық кеңес берген. Ал биыл жыл басынан бері «Тең қоғам» орталығының қызметін 11 мыңнан астам ерекше жан пайдаланған.

БАҒИЛА ТӨРЕБАЙҚЫЗЫ, «ТЕҢ ҚОҒАМ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Жұмысқа жарамсыз азаматтар осы жерге келіп күнделікті қызмет етеді.Осы жерге келіп қолөнер бұйырдарым жасап үйренеді.

Орталыққа келген әрбір азамат мұнда рухани қолдау тауып, жаңа орта мен жаңа достар табады. Ең бастысы – өздерін қоғамның белсенді әрі тең құқылы мүшесі ретінде сезініп, өмірге деген сенімін нығайтады.