Қазақстанда жүрекке жасалатын күрделі оталардың саны артып келеді. Былтыр елімізде 13 мыңнан астам ота жасалып, бұл көрсеткіш бір жылда 7,2 пайызға өсті. Осы жетістіктің арқасында Қазақстан кардиохирургия саласы бойынша әлемнің үздік 30 елінің қатарына енді.


Өткен жыл отандық медицина үшін тағы бір маңызды белеспен есте қалды. Дәрігерлер 100-ші жүрек трансплантациясын сәтті жасап, жоғары технологиялы медицинаның жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Саланың дамуы халық денсаулығына да оң әсерін тигізіп отыр. Соңғы бес жылда қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 35 пайызға азайған. Биылғы жылдың алғашқы бес айында да жүрек-қантамыр аурулары, инфаркт пен инсульт көрсеткіштері төмендеді. Мамандар бұл нәтижені заманауи емдеу тәсілдерінің енгізіліп, саладағы мүмкіндіктің артуымен байланыстырады.