Тироксин мен трийодтиронин. Қалқанша безінің бұл гормондары өмір бойы ми, жүрек және бұлшықет жұмыстарын реттеп, адамның көңіл-күйіне тікелей әсер етеді. Ол мойынның алдыңғы бөлігінде орналасқан. Сыртқы көрінісі қанатын жайған көбелекке ұқсайды. Ал, салмағы бар-жоғы - 25 грамм ғана. Бірақ бұл «көбелекке» көңіл бөлмесеңіз, түрлі ауруларға душар болуыңыз ықтимал. Ересек адамда қалқанша бездің гормондары жеткіліксіз бөлінсе, микседема ауруы пайда болады. Бұл кезде зат алмасу, әсіресе, нәруыз алмасу баяулайды.
Жазира Битемірова, облыстық клиникалық диагностикалық медициналық орталықтың дәрігер-эндокринологі
Негізінен 30 жастан кейін әр адам қалқанша безден ультра дыбыстық зеттеу өткені дұрыс. Ал, ертеңгі күні ауру асқынып кетсе, одан толық айығу да оңайға түспейді. Сондықтан да «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп қазақта бекер айтпаған.
Ұлдар Орақбаева осы уақытқа дейін қалқанша бездің қызметі туралы ештеңе білмегенін айтады. Уытты «жемсауы» сыр берген соң, енді мамандар көмегіне жүгінуге мәжбүр. Дәрігер ауруының белгілеріне қарап, алдын-ала гипотероз диагнозын қойды. Енді науқас осындағы заманауи лабораторияға 4 гормонға анализ тапсырып, ультрадыбыстық тексеруден өтуі тиіс.
Ұлдар Орақбаева, Қазығұрт ауданының тұрғыны
Көзім қарауытып, кейде бойымды үрей кернейді. Мамандығым математик болған соң балалармен жұмыс жасау өте ауыр. Сондықтан болар жүйкем тозып, ауруларым қозып жатыр.
Жазира Битемірова, облыстық клиникалық диагностикалық медициналық орталықтың дәрігер-эндокринологі
Бұл науқастың белгілеріне қарап, қалқанша безінде ақау бар деп айтуға болады. Барлық анализ белгілі болған соң дәрі-дәрмек беретін боламыз.
Дәрігерлердің кеңесіне құлақ түрсек, күз мезгілінде цитрусты жемістерді жеген ағзаға пайдалы. Әсіресе, лимонға көбірек әуес болыңыз. Оның құрамындағы цитрин мен С дәруменінің қосындысы қан тамырлары түтікшелерінің беріктігін нығайтады. Цитрин сондай-ақ, ағзадағы зат алмасу процесін жақсарта түседі. Ең бастысы, қалқанша безі ағзаңызды аурулардан қорғайтын қалқан екенін ұмытпаңыз.
Саттар ЕСІМБЕКОВ