Кеңескүл Мәмейқызы Түлкібас ауданы Састөбе ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Жары Ағабек Бақбаев 1942-ші жылы майданға аттанып, 43-ші жылы ауыр жарақатымен елге оралады. Сол азапты кеселі ақыры жарынан айырды. 8 ұл-қызды аяғынан нық қою... жалғызбасты анаға артылған міндет болды. Ескі күндер – естелікте. Қазір жаңарған, жасарған Қазақстанда 8 ұл-қызынан 29 немере, 53 шөбере сүйіп отыр. Мәуелі ағаштай тамырын тереңге жайған.
Жер бетіндегі жақсылық атаулы аналардың үлкен жүрегінен нәр алады десек, жылына бір тойланатын мерекеде... олардың еңбегін бағалап, сый-құрмет көрсету - асыл парыз. Осыны ескерген Еңбекші аудандық әкімдігі мен қалалық мәслихат депутаты Рамазан Бектұрғанов екі ғасырдың куәсі болған Кеңескүл анаға айрықша құрметін көрсетті.
Еңбекші ауданында қазіргі таңда ғасыр жасаған 7 қарт ана, 2 соғыс ардагері және 1 соғыс ардагерінің жесірі тұрады. Мереке қарсаңында ешқайсысы да ескерусіз қалмайды.
НҰРСҰЛТАН Әбдірашит