Оңтүстік – сағи салт пен дәстүрдің қалпын сақтаған мекен. Қаймағы бұзылмаған мұндай орта үшін де көненің көзін көрген, асылдың сынығы болған тұлғалардың өмірі алтыннан қымбат. Салт-дәстүрдің жаңғыруы мен жастардың отаншылдық-рухтық қасиетін арттыруда жарты ғұмырын сарп еткен, елеулі еңбектер жазып жүрген Зейнеп Ахметованың бұл кешіне жиналған жұрт көп. Барлығы да Бауыржандай қаһарманның мектебінен өткен асыл анамен бетпе-бет жүздесіп, естеліктерін естіп, өсиетін жандарына түйгісі келеді.
Зейнеп Ахметова – жазушы, батыр Бауыржан Момышұлының келіні
- Мен артық білгенімнен емес, көргенімді өздеріңе өсиет айту үшн келіп отырмын.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Барған жерінде ибалы келін болғысы келетін әрбір қыз үшін Зейнеп Ахметованың мектебі - қанат қатайтатын өмірлік сабақ. Алтын босағасын аттап, ата-ене алғысын арқалағысы келетін Гүлнұр осы пікірімен бөлісті. Батыр келіні жазған дүниелерді кейінгі буынға оқыту – рухани жаңғырудың бір жолы деп біледі жас келін.
Гүлнұр Әмірәлі – Шымкент қаласының тұрғыны
- Зейнеп Ахметовадан аларымыз көп. Бүгінгі таңда көнерген салт-дәстүрдің жаңғыруында еткен еңбегі зор. Б.Момышұлының да көптеген қырларын Зейнеп апа арқылы естіп-біліп жүрміз.
Кешке жиналған қонақтар ел анасына көкейдегі сауалдарын қойып, сырлы сұхбатына куә болды. Дегдар халық, бауырмал жұрттың бар мінезін бойына сіңіріп өскен асылдың келіні... ендігі еңбектерін өмірлік серігі, жанының пірі Бақытжан Бауыржанұлына арнамақшы. Татымды дүние, тағылымды әңгімелер Рухани жаңғыру мақаласымен де терең ұштаспақ.
АЙЗАТ Бауыржанқызы