Ата-аналар мен балаларға қажетті қызметтің барлығы тегін көрсетілуі тиіс.Фестивальдің басты ерекшелігі сол. Медициналық және психологиялық көмек, заңгерлік кеңес, визаж, шаштараз, тырнақ әрлеушілері екі күн бойы орталық саябақта тегін қызмет көрсетті. Жас ата-аналар жұмыспен қамту, әлеуметтік мәселелер, жер қатынастарына байланысты және мемлекеттік бағдарламаларға қатысты сауалдарына салалық мамандардан жауап та алды.
Жандос Қалтаев - Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы
15 мамыр – отбасы күні. Осыған. Орай біз он бесінен бастап, 10 күн бойы фестиваль аясында түрлі іс-шаралар өткіздік. Мұнда балалар тек көңіл көтеріп ғана қоймайды, түрлі ой дамытатын қызметтер алуға да болады.
Сондай-ақ, іс-шарада отбасына арналған түрлі тимбилдингтер мен көңілді шоулар ұйымдастырылды. Мысалы, бүлдіршіндер еңбектеп жарысты. Мектеп жасындағы балалар қуыршақ театрын тамашалады. Ата-аналар демалысқа шыққан балаларына барлық мүмкіндікті жасаған ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
Айкүміс Әшірова – Шымкент қаласының тұрғыны
Бүгінгі фестиваль ұнап жатыр. Отбасымызбен, балаларымызбен келіп, демалып жүрміз. Түрлі жарыстар мен ертегілер көңілімізден шықты. Осындай іс-шаралар жиі өтіп тұрса екен...
Екі күнге жалғасқан іс-шарада балаларға ойыншық, балмұздақ пен сыйлықтар таратылды. Мерекелік шара барысында концерттік бағдарламалар көрерменнің көңілін көтерді.
Д.Нахыпбек