Ордабасы ауданында 118 мың тұрғын бар. Соның тең жартысына жуығы нәзік жандылар. Олар қоғамның барлық саласында белсенді жұмыс істеп келеді. Әсіресе, бала тәрбиесі мен денсаулық сақтау саласында әйелдердің саны басым. Бұл салада еңбек ететіндердің 80 пайызы нәзік жандылар екен. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өткен салтанатты кеште қоғамда белсенді еңбегімен көзге түскен азаматшалар марапатқа ие болды.
Ауданда ұзақ жасаған 100-ге жуық қарт ана бар. Солардың бірі 102 жасқа келген Орынбасар Әлімбекова. Жастайынан еңбек еткен тыл ардагері 1915 жылы дүниеге келген. Шұбарлық Закила апа болса, 97-ге аяқ басып отыр. Аудан басшысы Алмасбек Мамытбеков ұзақ жасаған 7 кейуанаға сый-сияпат көрсетті.
«Қыз өссе, елдің көркі». Бұрымды бойжеткендер мен қылықты қыздарымыз бақ сынаған сайыс осылай аталды. Мұнда аудандағы 10 ауылдық округтен бір үміткерден қатысты. Олар ән айтып, би билеуден алдарына жан салмады. Сондай-ақ, аспаздық пен қолөнер бойынша өзара мықтыны анықтады.
Мұрат Сайлыбаев - Ордабасы аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры
Байқауды ұйымдастырғандағы мақсатымыз: халықтың салт дәстүрін насихаттау қыздарымыздың ұлттық өнерге деген қызығушылығын ояту болып табылады.
Байқау жеңімпаздары жастар орталығы дайындаған жүлделермен марапатталды. Осылайша ордабасылық нәзік жандылар мерекені сан түрлі салтанатты шаралармен қарсы алды.
НҰРМАХАН Кенжехан