Қаратау ауыл-округінде 2 134 халық тұрады. Оның тең жартысына жуығы – нәзік жандылар. Серіктестік ұжымы береке - бірліктің бастауы, отбасының ұйытқысы болған батыр аналар, алтын алқа, күміс алқа иелері мен  жалғыз басты аналарды құттықтап, әрқайсысына 10 мың теңгеден үлестірді. Әйел жанындағы тыныштық, шаңырағындағы әлеуметтік тоқтық кез-келген қоғамға қажет дейді «қаратаулықтар».

Мұхтар  Бабаханов – «Қаратау» ЖШС-нің әлеуметтік мәселелер жөніндегі менеджері

Көктемнің керемет мейрамы болып жатыр. Біздің мекеме басшылары үлкен сәлемдеме айтып жатыр. Құттықтап жатыр. Сіздерге зор денсаулық бақыт, өмірлеріңіз ұзақ болсын.

Емен-жарқын жүздесуде жүздері бал-бұл жанған ардақтылардың ақжарма тілектері қайырымдылық шарасын ұйымдастырушыларды қанаттандыра түсті. Құшағы гүлге, қуанышы қойнына сыймаған ақ самайлыларға жергілікті билік өкілдері де құттықтауын жеткізді.

Оразхан Ермаханов – Қаратау ауыл округінің әкімі

Ақ жаулықты әжелер, аналарымыз, қыз-келіншектер сіздерді, әлемнің жақсылығымен теңестіруге болады. Сіздердің әр уақытта отбасыларыңызға, дендеріңізге саулық, береке-бірлік жақсылық тілейміз.

Қайырымдылық  - адами құндылық. Құдайберген Қанат бастаған кәсіпорын мұндай игілікті істі дәстүрге айналдырған. Биыл ұжым ауыл балаларына арнап, стадион салып бермекші. Спорт нысанына қажетті құрал-саймандарды да өздері түгендеп беруге ықыласты. Мереке соңы «Сұлу жеңге, ару қыз» атты байқауға ұласты. Ақын да, батыр да анадан туған.  Шаңырақтың берекесі. Шаруаның несібесі. Отбасының темірқазығы аналарға арналды бәрі.

ЖАНДАР Бекбергенұлы