Мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер отар-отар қойын егістік алқапқа айдаған көрінеді. Амалы таусылған дихандар араша сұрап, ауыл әкімінің есігін қақты. Облыс билігіне датын айтады.

Бүгінде несібесін диханшылықтан тауып отырған Қоссейіт ауылдық округінің шаруаларынан маза кетті. Бала-шағаларымен кезектесіп, егістік алқаптарының басында түнеп, шегірткемен емес, енді Шетенова Майраның  мыңғырған малынан қоруда. Мыңнан астам уақ малы бар азаматша қойын жайылымға емес, шаруалардың егістігіне кеп, қойып салды. Ескерту жасағанға пысқыратын емес.

Сәдуақас Құлжабаев, шаруа

Мынау міне, 300 мың ақша кетті осыған, мақтаға 3 га. 3 га-ның 2 га-сы кетті. Мына жерде мақта жоқ, таптап кеткен, бір емес, екі рет ектім мұны. Майдың 5-не ектім, майдың 21-не ектім. Еккен мақтам міне, көріп тұрсыңдар, бәрің!

Жұпар Қалымбетова, шаруа

3 – 4 жыл болып қалды, тек налогын төлеп жатырмыз. Мына Майраның қорасы жатқан еді былтыр осы жерде. Сол қораны былтыр айтып жүріп алдырдық. Мына көңдері жатыр мынау, қойдың көңі. Енді қойдың көңі жатқан жерге мен білемін, өзі ненің шығуы да өте қиын. Мұны енді қайтадан баптау егу керек та енді. Майраның малы болмаса, мен егер едім. 11,5 га жатыр мынау бекерден-бекерге, налогын төлеп жатырмын, жылда налогын төлеймін.

Араша сұрап, әкімнің есігін қаққан шаруалар өзара жиын өткізді. Басқосуда шаруа қожалығы төрағаларының арыздары тыңдалып, келтірілген шығын көлемі шамамен есепке алынды. Сонымен, шегірткеге емес, Шетеноваға «жем болған» шаруа қожалықтарының қатары бүгінде 9-ға жетті. Бұл дегеніміз – бақандай 150 гектар жер.

Ұлан Бейсенбаев, Қоссейіт ауылдық округінің әкімі

7 – 10 күннің көлемінде уақ малдарын ауылдық округтің егіншілік жерлерінен шығаруға уәде беріп отыр. Жапа шеккен шаруа қожалық төрағаларына түсіндіріліп айтылды. Өздерінің кеткен шығындары бойынша келіп, бізге мәліметін берулері керек.

Ерте көктемнен қара күзге дейін егістікте күнге күйіп, желге қақталған дихан қауым еңбектің еш, тұздың сор болмауын қалайды. Ендігі бар үміт - жиында уағдаласқандай, шығын көлемі өтелсе болғаны... Әкім болған, халыққа жақын болған құзырлы органдардан араша сұрап, жергілікті биліктен көмек күтеді.

Диана МӘУЛЕН