Тәттілер, ән-шашу, түрлі ойыншықтар мен шоу бағдарлама, барлығы бүлдіршіндер үшін.Медициналық орталықтың қызметкерлері ешкімді ұмыт қалдырмады. Мекеме мамандарының көмегімен ЭКО арқылы өмірге келген бөбектер де, осында ем алған ата-аналардың сәбилері де барлығы бірдей көңіл көтеріп, асыр салып ойнауда.
ИРМ клиникасы Қазақстан бойынша 30 жылға жуық қызмет көрсетіп келеді. Ал оңтүстік өңірінде 2020 жылы наурыз айында есігін ашқан. Осы уақыт ішінде орталықта дәрігерлердің көмегімен денеден тыс ұрықтандыру арқылы 100 ден астам бала дүниеге келген.
Меруерт Момынова Қызылорда қаласының тұрғыны. 15 жыл бойы бала күткен ана ешқашан үмітін үзбегенін айтады. Клиникадағы мамандардың жәрдемдесуімен Меруерт жасанды ұрықтандыру яғни ЭКО арқылы сәби сүйген.
Медициналық мекемеде емделушілерге барлық жағдай жасалған. Олармен арнайы мамандар жұмыс істейді. Дәрігерлер тек әйелдерді ғана емес, сондай-ақ, ер азаматтардың да бедеулігін емдеумен айналысады.Ақ халаттылар тек уақытылы келіп, емделіп және ең бастысы үмітті үзбеуге кеңес береді.
Клиникаға жиналған ата аналар мен ел болашағы болатын балғын бөбектердің қуанышында шек жоқ. Түрлі тәттіден дәм ауыз тиіп, ойын ойнап, сый сыяпаттарын арқалап қайтты.