Бүгінде цифрландыру саласы әлемдік ауқымдағы трендке айналды. Дамыған елдің барлығы цифрлық саясатты арттыруға күш салып жатыр. Сәйкесінше, ІТ саласының мамандарына сұраныс көп. Дегенмен, технология тілін түсінетін маман тапшы. Ал, осыдан 2 апта бұрын өз жұмысын бастаған «Sifro academy» IT мектебі аталған сала мамандарын даярлаумен айналысады. Бүгінде орталық қалалық цифрландыру басқармасымен меморандум түзіп, қарқынды жұмысқа кірісті.
6-жастан асқан кез келген IT саласын меңгеремін деген жан үшін «Sifro academy» мектебінің есігі ашық. Сонымен қатар, білім ұяларындағы информатика пәні мұғалімдері де өз біліктіліктерін арттырса болады. Орталықта 14 курс түріне машықтануға мүмкіндік бар. Атап айтсақ, CGI скрипт негіздері, дизайн курстары, кодтау негіздері, сондай-ақ, әлемдік стандарттарға сай кез келген жүйеде веб бағдарламалау және тағы да басқа.
Сондай-ақ, «RoboPark» робототехника мектебі де бүгінде өз жұмысын бастаған. Онда аталған салаға қызығатын балалар түрлі әдістерді меңгеріп, өз туындыларын жасап үлгерген.
Айтып өтейік, мектептерде Алматы қаласынан арнайы келген кәсіби мамандар жергілікті ұстаздармен тәжірибе алмасуда. Мамандар, осылайша жас өрендерді IT саласына қызықтырып, меңгеруге мүмкіндік жасау арқылы олардың өздері қаржылай табыс табуына мүмкіндік жасаймыз. Оған қоса, болашақта цифрландыру саласындағы маман тапшылығын жоюға үлес қосатындығын айтады.