Рәміздер күнін атап өткен шымкенттіктер үш топқа бөлініп қала көшелеріне шеруге шықты. Ту ұстағандардың бір тобы Төле би көшесінен шықса, 30 велоспортшы  Қазыбек би көшесінен келді. Ал, Ту көтерген 30 ерікті  Әйтеке би көшесінен Ордабасы алаңында бас қосты. Әрмен қарай, Тәуелсіздік саябағында жалғасқан шарада Ұлттық ұлан сарбаздары Мемлекеттік рәміздерді салтанатпен тұғырға шығарды.

Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.  

Шыңғыс Мұқан – Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары

«Мемлекеттік рәміздерге қатысты іс-шаралар тек бүгін басталған жоқ және бүгінмен шектелмейді. Күнделікті қоғамдық тіршілікте қолданып, халықтың рухын оятып, ұлжандылық сезімдеріне серпіліс беретін сондай үлкен құндылық.»

Патриоттық ән мен би көрініс тапқан шараға жастар жағы көбірек жиналған. Олар жалауымызды желбіретіп, көк байрағымызды көкте асқақтатты.

Нұрдәулет Тұрсынғали – Шымкент қаласының тұрғыны

«Әрбір қазақ жастарының осындай мерекеге келіп, атсалысуының өзі әрбір қазақ жастарының патриоттық сезімін, отанға деген махаббатын, сүйіспеншілігін арттырады дегенге мен кәміл сенемін. Біз жастар әрбір жүрген жерімізде, отырған орнымызда өзіміздің мемлекеттік рәміздерді қастерлеп, құрметтеуге міндеттіміз.»

Тәуелсіздік саябағындағы шара, әрмен қарай авто-вело және ту ұстаған салт аттылар шеруне жалғасты. Көк байрақты желбіреткен шерушілер қала көшелерімен жүріп өтіп Бәйдібек би алаңында жиналуды көздеді. Айта кетейік, еліміздегі үшінші мегаполисте 1700 мемлекеттік мекеме мен заңды құрылымдардың ғимаратында рәміздерді көруге болады. Оларды күтіп ұстау үшін арнайы комиссия тобы қадағалау жүргізеді.