Еліміздің бас құжаты – Конституцияның 77-бабында «Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз, ол Конс­титуция мен заңға ғана бағынады» деп көрсетілген. Сондай-ақ,  судьяның қызметіне қандай да болсын араласуға тыйым салынып, сот жұмысына ықпал етуге тырысқандарға заңдық жаза да  белгіленген. Нәтижесінде, халық пен сот арасындағы ашықтық қалыптасып, елдің сотқа деген сенімі артып келеді.

Судья – сот саласының тірегі. Бұл қызметінің маңызды қыры – «сөйлейтін заң» ретінде мойындалуында. Бүгінгі күнге дейін отандық сотты нығайту, қазақстандық заңдарды халықаралық талаптарға сәйкес дайындау бағытында іргелі істер атқарылуда. Соның бірегейі, тараптар арасындағы татуласуды күшейту. Осы орайда, азаматтық істер бойынша 10 пайыздан 30 пайызға дейін нәтиже көрінсе, қылмыстық істер бойынша ақтау үкімінің саны едәуір есеге артқан. Ал, былтырғы жылдан бері жұмысын бастаған мамандандырылған әкімшілік соты істердің 55 пайызын қарапайым халықтың пайдасына шешкен. Сот процестеріне пандемияның әсері айтарлықтай сезілмеді, дейді судьялар.

Бүгінгі таңда Шымкент қалалық сотында 17 судья  қылмыстық, азаматтық істерді қараумен айналысады. Сонымен қатар, мегаполисте 4 аудандық, 6 мамандандырылған соттар жұмыс жасайды. Оларға қосымша ардагер судьялар мен қоғам белсенділерінен құралған Билер кеңесі көмекке келіп отырады.