Өңір басшысы мұнда Қамытбек Айтөрев командасының жарты жылдықта атқарған жұмысын саралады. 2013-2014 жылдары Шардара ауданында 19 әлеуметтік нысан пайдалануға берілген.
Жаушықұм ауылдық округінде ашылған мектеп-интернат пен Шардара қаласындағы орта мектепте және спорт кешенінде қазірдің өзінде құрылыста кемшілік бар. Бірақ жергілікті басшылардың ешқайсысы да облыстық құрылыс басқармасы тарапына мәлімдеме жасамаған.
Асқар Мырзахметов қатаң бақылаудың арқасында ғана мердігер мен техникалық қадағалау мекемелерін тәртіпке шақыруға болатынын жеткізді. Салынатын нысандарда қазақстандық мазмұндағы құрылыс материалдарын қолдану керектігіне баса назар аударды.
Бүгінде Шардара қаласының «Әсем» шағынауданындағы 23,6 га. аумақта тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдері қарастырылып, қажетті инфрақұрылым тартылған. Мұнда 46 арендалық үй салу жоспарланып, он үй пайдалануға берілген. Қалған 33 үйдің құрылысы кешеуілдеуде. Осы кемшіліктер бойынша аудан әкімінің орынбасарына ескерту берілді.
Ауданның сәні мен сәулеті де үлкен әңгімеге айналды. Ауданның туристік мүмкіндігін арттыру бағытында әуежайды іске қосу бойынша әзірленген жобалар да егжей-тегжейлі сараланатын болды. Ауы су бойынша Шардарада құбыры тозған 3 елдімекенде тиісті шаруа басталғалы тұр. Көпшіліктің көңілін қуантқаны осы. Шардараның байлығы – балығы. Оны тиімді пайдалану, сұғанақтықтан қорғауға байланысты мәселелер де көтерілді.
Ауданда жылыжай салу ісі ақсап тұр. Шалғайдағы жерлерді игеру мақсатында 25 құдық қазу межеленгенімен, бұл да уақтылы қолға алынбаған. Ауданда 7 канал жөндеуді қажет етеді. Облыс әкімі каналды қалпына келтіруді осы су арналарының иелерін тиісті заң талаптарын қолдана отырып, міндеттеуді жүктеді. Игерілмеген жер көп.
Бау егу жұмыстары 31 пайызға ғана орындалған. 20 га. қарқынды бау аумағы болуы керек. Жұмыс басталмаған. Шағын мал бордақылау алаңдарын ашу жоспары 65 пайызға, жанұялық сүт аулаларын құру межесі 60 пайызға ғана орындалған. Ветеринария қызметінде қауіпті аурулардың алдын алу бағытында залалсыздандыру жұмыстары сапасыз атқарылған.
Саладағы осы және өзге де кемшіліктер бойынша ветеринария бөлімінің басшысы мен екі ауылдық округтің әкіміне сөгіс берілді. Білім саласында жергілікті жерде педагог кадрлардың біліктілігін арттыру қолға алынған. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатын үнемдеуге, оқу процессінің үзілмеуіне сеп болмақ деді облыс әкімі. Ауыл әкімдеріне талап күшті.
Оларға бақандай 68 функция беріліп отыр. Үдеден шықпақ керек. А.Мырзахметов ауыл әкімдеріне аумақтағы барлық жұмысқа бас-көз болып, бақылау жасауды тапсырды.
Аудандық әкімдік аумақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін тиісті орындармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Осылай деген облыстық мәслихаттың хатшысы Қ.Ержан да жауапты сала басшыларының қатысуымен жергілікті жерде кеңейтілген мәжіліс өткізді. Шаруаларды таразылап, өзекті мәселелердің шешу жолдарын қарастырғаны үшін облыс басшылығына алғыс білдірді.