Жиын барысында Мемлекет басшысының этномедиаторлар мен кәсіби келіссөз жүргізушілерді даярлау, этномедиация оқу орталығын ұйымдастыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру мәселелері талқыланды. Осы орайда, елімізде 2 мыңға жуық медиатор бар екенін тілге тиек еткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, оның 200 жуығы кәсіби маман екенін айтады. Олардың көмегімен осы уақытқа дейін 150 мың адамның мәселесі сотқа жетпей шешіліпті. Миллионды шаһардағы ассамблея жанында бүгінде 4 медиациялық орталық жұмыс жасауда. Жыл басынан бері ондағы мамандардың көмегімен 11 даулы мәсеге нүкте қойылыпты. Бұл ретте, қоғам мүшелеріне құқықтық тәрбие мен заң талаптарын түсіндіру сынды жұмыстарды одан әрмен ширатуымыз керек, деген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов еліміздегі үшінші мегаполис халқының 30 пайызын этнос өкілдері құрайтынын атап өтті.
Мәжілісте сонымен қатар, ҚХА медиаторларының құқық қорғау қызметіне қатысу бағыттары, ұлтаралық жанжал жағдайлары кезіндегі медиация тәсілдері, отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және тұрмыстық негізде жасалған қылмыстардың алдын алу мәселелері қаралды.