Шымкенттегі Қажымұқан  атындағы  орталық  стадионның  садақ  ату кешенінде,  еліміздің  жасөспірімдер,  қыздар  және  кадеттер арасында садақ  ату  шеберлерінің  арасында  кезекті Қазақстан  чемпионаты  басталды. Дүбірлі  додаға  республикамыз   бойынша  іріктелген  10 команда  қатысып,  173 спортшы  бақтарын  сынауда.

Биыл  кезекті  рет  еліміздің  ең  танымал  садақ  ату  шеберлері қатысуымен аса  тартысты  өтіп  жатқан Ел  чемпионатына  алғаш  рет Жетісу  облысының  жасөспірімдер  командасы  қатысуда. Айта  кету   керек, соңғы  кездері Жетісу  облысының  жасөспірімдері көшбасшы  командалардың  қатарынан  көрініп  келеді. Бас   жүлдеге  үміт  артқан құрамалардың  қатарында Жетісу  облысынан  өзге  де Шымкент, Алматы, Орал   қалаларының  спортшылары  бар. Қазір  еліміздің  ертеңі  болар -  жасөспірімдер  арасында  олимпиада  ойындарында  талай  мергендерді  шыңдаған  бұл  спортқа   деген  қызығушылық  тым  артып  барады.  Елордадан  арнайы  келген  садақ  атудан Қазақстан  Республикасының мемлекеттік  жаттықтырушысы Айнұр  Әбдірайымова  Ел  чемпионаты жыл  сайын  мықты деген талантарды шыңдайды дейді.
Жарыстың  ашылу салтанаты  рәсіміне  Шымкент  қаласының  дене  шынықтыру  және  спорт  басқармасы  басшысының  орынбасары Ермек Дәрменов  пен садақ  атудан  Қазақстан  Республикасы федерациясының  атқарушы хатшысы Айнұр Серікқызы  қатысып, Азия чемпионатында   жүлдеге  қол  жеткізген  спортшылар мен  олардың  бапкерлерін  марапаттап,  құрмет  көрсетті. Сондай дара жеңімпаздар қатарында Мұрат Бұзауов баптайтын кешенді жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің саңлақтары бар. Жарыстың  жеңімпаздары  еліміздің ұлттық  құрамасы  сапында  өнер  көрсетіп, талай халықаралық додаларда Қазақстанның намысын қорғайтын  болады. Жеңімпаздар есімі 25 қыркүйек күні белгілі болады.