Шымкентте жылына 1200 адам онкологиялық ауруға шалдығады. Соңғы уақыттарда бұл кесел түрін диагностикалау жеңілдей түскен. Есесіне, ауруды ерте анықтап, емдеудің тиімді нәтижесіне қол жеткізуге болады. Шаһардағы онкологиялық орталыққа эндохирургиялық марафон делегаттары да соғып кеткен еді. Жергілікті дәрігерлер ресейлік ғалымнан не үйреніп жатыр? 

Медицина бір орында тұрған жоқ. Күн сайын адамзат өз өмірін жеңілдету мақсатында, айықпас дерттердің емін табуға күш салып жатыр. Дәрігерлер операцияның детальдары мен нюанстарын, қалай тез әрі нәтижелі отаға қол жеткізуге болатынын зерттейді, ақылдасады. Басты шарт – науқастың қауіпсіздігі болып отыр. Бүгінге 5 ота жоспарланған. Атап айтқанда бүйректің, тік ішектің, асқазанның қатерлі ісігіне шалдыққан науқастарды емдейтін болады. 

Онкологиялық орталық жылына 1200-ге жуық емделушіге қызмет көрсетеді. Соған қарамастан Шымкент еліміз бойынша қатерлі ісік дерті ең аз тіркелетін аймақ болып отыр. Рак ең алдымен стресстен, өмір сүру салтының бұзылуынан болады дейді мамандар. 

Айта кетейік, эндохирургиялық марафон апта басында басталған. Ресейден келген бір топ ғалым Шу қаласында, әрі қарай Таразға барған. Облыстық клиникалық ауруханаларда, мамандандырылған диспансерлерде түрлі операциялар өткізіп, өзара тәжірибе алмасып жатыр.