Кәмелетке толмаған жастардың арасындағы қылмыстың алдын алу мен болдырмау мақсатында Ордабасы ауданында мектеп оқушыларымен кездесу өтті. Басқосуға Қажымұқан ауылдық округінің 9 және 11 сыныптың 350-ге жуық оқушысымен аудан әкімдігінің қызметкерлері және аудан прокуроры қатысты. Жастар құзырлы орган өкіліне өздерін қызықтырған сауалдарын қойып тиісті жауап алды.

 
«Ордабасы қауіпсіз аудан» бағдарламасын іске асыру бағытында өткен жиында бала құқығын сақтау, болашақ мамандық таңдау сұрақтары, құқық бұзушылық профилактикасы мен қылмыстың алдын алу шаралары талқыланды.
9-11 сынып оқушылары прокурорға өздерін толғандырған сан түрлі сауал қойды. Олардың арасында кәмелетке толмай көлік жүргізу, түнгі уақытта көшеде серуендеу мен жұмыс істеу секілділері де болды.Түлектер кездесуде өз құқықтарымыз жайлы біраз ақпарат алып, үйренгеніміз көп болды дейді.
Ілкімді ісшарадаоқушыларға құқық бұзушылық профилактикасы бағытындағы видео ролик те көрсетілді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауындағы «орта білімнің сапасын арттыру мен 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасау» тапсырмасының маңыздылығы түсіндірілді.