«Білімді ұлт –орнықты дамудың кепілі»... Осындай айдармен «Аманат» партиясының өкілдері М. Әуезов атындағы ОҚУ жастарымен кездесу өткізді. Мақсат - Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жолдауын жастар арасында кең көлемде насихаттау. 

Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстанды жасау үшін ең әуелі жас ұрпақтың білімді болуы әбден маңызды. Осыны ескерген аманаттықтар жоғары оқу орындарының студенттерімен емен жарқын әңгіме өрбітті. Білім қуған жастар аға буынның тағылым түйер сөзін ұйып тыңдады. Өздерін толғандырған  сауалдарға жауап алды. 
Әлемде геосаяси жағдай ушығып тұр. Тап қазір қазаққа керегі – ынтымақ. Бірлік. Елдің әр аймағында мобилизация машақатын тартқан ресейліктер қаптап жүр. Мұны кейбір азаматтар дұрыс түсінбей, ұлтаралық дүрдараздық туып кетуі әбден мүмкін. Басқосуды ұйымдастырғандар жастарға осы жағын дұрыс түсіндіруге тырысты. Өйткені, біздің ел, қашан да таспен ұрғанды, аспен ұратын ұлт емес пе еді! 
Нағыз азамат - қазір елінің дамуын ойлайтын адам. Ғылым-білімге бет бұрғанның ұпайы түгел болмақ. Құбылмалы кезең, өтпелі заманда жаста­рымыз еңбекқор болмаса, біз құрған Жаңа Қазақстан еш­қандай бәсекеге түсе алмайды. Жаңа ұрпақ кез-келген сын-қатерге дайын болса, елді жау алмайды. Шаңырағымыз шайқалмайды. Жиынның спикерлері жастарға осыны ұғындырды.