Президент жарлығы бойынша әкімдер тоқсан сайын халықпен кездесіп олардың қордаланған мәселелерін шешуі керек. Осыған байланысты атқарушы билік өкілдері жыл басынан бері тұрғындармен төртінші рет кездесіп отыр. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков қаладағы  6 сектордың тұрғындарымен арнайы жекелей кездесу өткізіп жатыр. Сауран секторы аумағындағы азаматтар инфрақұрылымдарды жетілдіру жайын айтты. 


Түркістан қаласын басқарудың тиімділігін арттыру үшін шахар аумағы 6 секторға бөлінген. Сондай сектордың бірі Сауран деп аталады. Қазір қалада 200 мыңға жуық тұрғын бар. Соның 42 мыңы осы аумақта тұрады. Бұл аймақта негізінен көпқабатты үйлер шоғырланған. Сондықтан тұрғындардың сұраныстарының негізі инфрақұрылым мен коммуникация жөнінде болды.
Қазір 1-және 2-мөлтекаудандарда аулаларда балалар ойын алаңдарын салу, жолды жаңарту және ескірген үйлерді жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Биыл жыл соңына дейін 15 аулада құрылыс жұмыстары аяқталып  тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастырылады.  
Көшені жарықтандыру мен тротуарлар төсеу жұмыстары жүргеніне тұрғындар ризашылықтарын жеткізді. Енді жаңадан төселген асфальтта көліктер жүйткіп жүрмеуі үшін аулалар мен мектеп маңайларына жасанды кедергілер салынып, бейнекамералар орнатылса деген тілектерін айтты.ө.   
Кездесуден соң қала әкімі тұрғындарды сұрақтары бойынша жеке қабылдады. Онда баспанамен және жұмыспен қамту мәселелері айтылды. Жер беру жайы да назардан тыс қалмады. Қазір рухани астанада пәтер алу кезегінде әлеуметтік аз қамтылған 15 мыңға жуық жер алу кезегінде 42 мыңнан астам азамат тұр.