Бір жыл кешіккен құрылыс. Былтыр желтоқсан айында жөнделуі тиіс каналда әлі де су жүрмей, шаруаларды әбігерге түсіріпті. Сайрам ауданының тұрғындары кімге шағым түсірерін білмей дал. Қаладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелі басым нысандар картасына да аталған аймақ еніпті. Антикоррупциялық департамент өкілдерінің аяғы осы мекенге де жеткен екен.
«Көк» каналынан 1400 га жерге су жетіп тұратын. Бірақ, былтыр жөндеу жұмыстары басталғалы шаруа қожалықтарының басына нәубет түскен. 2021 жылдың жазында құрылыс жұмыстары суғару науқаны басталғандықтан, уақытша тоқтапты. Содан бері 1 жылдан аса уақыт өтсе де, су жоқ. Шаруалар 30 мың теңге ақша төлесе, су келеді екен, төлемесе қаңырап, қурап тұрады. Халық ашынғандықтан, биыл егінмен айналысамыз ба, жоқ па деп екі ойда жүргенін жасырмады.
3-4 жылдан бері сағызша созылып келе жатқан жөндеу жұмыстарының қызған тұсында жыл сайын суғару маусымы келіп қала беретін көрінеді. Ал дәл қазіргі кезеңде не кедергі десеңіз, қолайсыз ауа райы да мекеме қызметкерлеріне тосқауыл бола қалады екен. Былтырғы жұмыс қазан айында бір-ақ басталыпты, сондықтан 3 айдың ішінде желтоқсанға дейін үлгере алмаған көрінеді.
Каналға бөлінген қаражат 314 миллион теңге. Оның 97 миллионы мемлекетте. Қаражаттың 60 пайызы кеткен, жұмыстың 70 пайызы орындалыпты. Бірақ, келісімшарт бойынша нысанды уақытылы өткізбеу фактісі бар. Мердігер компанияға 21 миллион теңге айыппұл салынуы жөнінде сотқа талап-арыз берілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қазір тәуекелдер картасы арқылы осы нысанды тексеріп, тиісті орынға ұсыныс, арыздар жөнелтілетінін жеткізді.
Мемлекет ұтылмас, мекемеге айыппұл салынып, қаражаты қайтарылады. Бірақ, осы уақытқа дейін тегін суды ақшаға сатып алып отырған шаруалардың шығынын кім өтейтіні белгісіз. Бұл сұраққа басқарма басшылары жауап бере алмады.