• :  Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков қала
    тұрғындарына есеп беру бойынша кезекті кездесуін Яссы секторында
    өткізді. Мұнда азаматтар өздерін толғандырған әлеуметтік мәселелерін
    әкімге айтты. Қала басшысы мен түрлі салаға жауапты мамандар
    көтерілген түйткілдерді тезірек тарқатуға күш салатынын жеткізді.

Түркістан қаласында 875 көше бар. Бұл көшелердің ұзындығы 845
шақырым.  Бүгінгі таңда осының 38 пайызы ғана асфальттанған. Қалғандары
тас және топырақ жолдар.  Қала әкімі алдағы уақытта жол жөндеуге ден
қоятындығын айтты.
Түркістандағы  тағы бір маңызды мәселе ол қоғамдық көліктер.
Қазір қаладағы автобустардың 65 пайыздайы есікірген. Былтыр және
алдыңғы жылы қалаға 78 жаңа автобус әкелінген. Алайда әлі де автобус
паркін жаңарту жайы күн тәртібінде өзекті.
Түркістан бүгінгі таңда газбен қамтамасыз етілген. Тек көшеге
тартылған құбырдан үйге кіргізіп алу тұрғындардың өз есебінен жүргізілуі
тиіс. Жиында қала әкімі бұл жағдайды да тұрғындарға түсіндіріп берді.  
Жиын барысында   тұрғындар қоқыс тазалау, көшені жарықтандыру
секілді мәселелер бойынша сұрақтарын қойды. Қала басшысы тиісті сала
мамандарына тұрғындардың талап-арызы бойынша жұмыс істеп , көтерілген
мәселелерді тездетіп шешуге тапсырма берді.