Шымкентте қыздар арасында тұңғыш рет әлем чемпионатының жеңімпазы шықты. Ол 18 жастағы боксшы қыз Элина Базарова. Сұлулығы мен мысы, нәзіктігі мен қайраты қатар келген бойжеткенді біздің арнаның түсірілім тобы, дос-жарандары мен әкімдік мүшелері әуежайдан қошеметпен қарсы алған болатын.


Элина Базарова 2004 жылы Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Көксәйек ауылында туған екен. 9 жылдан бері бокспен айналысады. Жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері. 2019, 2020, 2022 жылдардағы ел чемпионатының жеңімпазы.
Жастар арасындағы Испанияның Аликанте қаласында өткен әлем чемпионатына 73 мемлекеттен 597 спортшы қатысты. Ал ҚР құрамасынан қыздар мен ұлдар қосылып 24 азамат барыпты. Элина Базарова 54 келі салмақта өнер көрсеткен. Бірінші жекпе-жекті Жапнония мемлекетінің спортшысын 5:0 есебімен жеңсе, екінші жекпе-жекті Индия мемлекетінің спортшысымен өткізіп, басым түскен. Голландиялық аруды 3:2 есебімен жеңіп, ақтық сында Германия мемлекетінің қызымен кезігіпті. Оны да 5:0 етіп жеңіп, жастар арасында Әлем чемпионы атанған.
Спортшыларды қарсы алу рәсіміне қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан да келіп, Элинаға ақ тілегін арнады.
Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары нысаналы индикаторларымен ерекшеленеді. Соның ішінде спорт саласы бойынша белгіленген жоспарды орындау 4 бағытта жүргізіледі. Ең алдымен Шымкент қаласы әкімдігінің алдында дене шынықтыру және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың елу пайызына дейін жеткізу мақсаты тұр. Бұл бойынша 2022 жылғы меже 35,9% яғни 396 336 адам. Ал, нақты іске асырылғаны 36.2%-ға ол дегеніңіз 402 544 адам. Яғни жоспар артығымен орындалды деген сөз.