Шымкентте еңбек қауіпсіздігі бойынша жыл басынан бері 25 жазатайым оқиға орын алса, 45 азамат зардап шеккен.  Жазатайым жайттардың басымы өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс алаңдарында тіркелген. Бұл туралы қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді. Сондай-ақ басқарма басшысы еңбек қауіпсіздігіне байланысты жұмысшылардан түсетін арыз-шағымның бар екенін де жасырмады.


Еңбек инспекциясы заңбұзушылыққа жол бермейді. Жалақы мәселесі мен төменгі айлық мөлшерін көтеру, ұжымдық шарт пен еңбек шарттарын электронды тіркеу - бұл еңбеккерлердің заң алдындағы құқығын қорғауға арналған басымдықтар. Деседе шаһарда жұмыста жүріп жарақат алатындар саны азаймай тұр. Жыл басынан бері түрлі сала бойынша 25 жазатайым жағдай тіркелген. Қызмет барысында бақилық болғандар да бар. Орын алған жағдайлар бойынша жинақталған материалдар ішкі істер органдарына жолданған. Басқарма басшысы қазіргі таңда тексеру жұмыстары жалғасып жатқанын тілге тиек етті. Ол міндетті сақтандыру шартын жасамай жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың бар екенін алға тартады. Мегаполисте 7558 кәсіптік нысан болса, оның бес мыңанан астамы сақтандыру шартын жасамай заңбұзушылыққа  жол берген.
Сондай-ақ басқарма өкілдері жыл басынан бері кәсіпорындарға 296 тексеру жүргізіп, 316 кемшілік анықтаған. Оның 9 еңбек жағдайына байланысты болса, қалғаны жалақы қарызы мен айлық мөлшерінің  төмендігіне қатысты. Заң бұзғандар айыппұл арқалап, қазынаға 21,9 милион теңге қаржы құйған.   
Айта өтейік, кәсіпорындарда тексеру жұмысын жиілеткен басқарма басшысы жұмыскерлерді арнайы киімдермен, қорғаныш құралдармен, жабдықтармен және техникалық құжаттармен қамтамасыз етілуін қадағалайтынын айтты.