Автокөлік жүргізушілер назарына! Күні ертеңнен бастап, жазғы доңғалақпен жүруге тыйым салынады. Бұл барлық қазақстандықтарға ортақ ереже. Ауа-райы, қардың бар, жоғы маңызды емес. Шымкентте күн шайдай ашық. Жаңбырдан өзге табиғат тылсымын көргеміз жоқ. Соған қарамастан мегаполис тұрғындары автокөліктерін қысқа дайындап қойыпты.


Қысқы доңғалақтардың бағасы мен түрі көп. Шымкенттегі машиналардың дені  кореялық көліктер екенін ескерсек, орташа баға 6000 теңгеден болып отыр. Маркаға байланысты қызмет түрі 25 000-ға дейін жетеді. Шиномонтажбен айналысатын орталықтарға күніне 30-50 шақты тұрғын келіп ауыстырып жатады екен. Шеберлердің айтуынша, қыстың қамын жазда ойлап, қар жаумай қамданған қауіпсіздік үшін маңызды.
Қала тұрғындарының біразы көлігіндегі доңғалақты алғаш қар жауған кезде ауыстырып алған екен. Қыстың қамына ертерек кіріспесе, Шымкенттің ауа-райына сенім жоқтығын айтады. Мегаполис тұрғындары десе де шинаны шаһардың климаттық жағдайына қарай таңдайтын көрінеді.
1 желтоқсаннан бастап жалпыға ортақ автомобиль жолдарында жазғы дөңгелектермен жүруге тыйым салу Кеден одағының «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы»  техникалық регламентінде көрсетілген. Талапты сақтамаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі кодексінің 590- бабы бойынша 5 АЕК көлемінде айыппұл салынатын болады. Бұл дегеніміз 15 315 теңге қаражат. Бірақ, полиция департаменттері арнайы рейд ұйымдастырып, қысқы баллон салмағандарды «аулауға» шықпайтынын мәлімдеді.  
Техникалық регламентке сәйкес, 1 желтоқсан мен 28 ақпан аралығында M+S, M&S, M S таңбасы, үш қыры бар тау шыңы, оның ішінде қардың белгісі салынған шиналар мен доңғалақтары бар автокөліктермен жүре аласыз. 4 дөңгелек те қыстық болуы шарт. 2 қысқы, қалғаны универсалды немесе жазғы деп жүруге болмайды.