Әдеп кодексінің нормаларын сақтау, мемлекеттік қызметтердің сапасы және сыбайлас жемқорлықтың ахуалы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжіліс отырысында талқыланды. Облыстағы мемлекеттік қызметтің жағдайына жасалған талдаудың қорытындысы мемлекеттік қызметтегі тұрақтылықты көрсеткен. Отырыста мемлекеттік органдардың «Е-қызмет» жүйесін тиімді пайдалануы жайлы айтылды.


Өңірде электронды түрде қызмет ұсынудың көрсеткіші 96%-ға жеткен. Облыста сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға күш салынған. Сондай-ақ Әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік мүлікті тек нысаналы мақсатта пайдаланылуы ескертілді. Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуы мен мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына бақылау жүргізу және талдамалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Облыста «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер» картасы әзірленіп, онда білім беру, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, әлеуметтік қолдау және медицина салалары енгізілген.
 Мемлекеттік қызметшілердің қызметте және қызметтен тыс уақыттағы негізгі мінез-құлық қағидалары Әдеп кодексінде айқындалған. Басқосуда мемлекеттік қызметшілердің негізгі мінез-құлық стандарттарының айқындалуы, яғни адамгершілік, мораль сынды адами қасиеттер  жемқорлыққа қарсы іс қимыл мәселесінде де маңызды фактор бола алатыны айтылды. Әдеп нормаларының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп тұрады. Жұмыс нәтижесін  облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Мақсат Исаев баяндады. Сонымен бірге өз ұсыныстарын айтты.
Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасын табады. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын жағдайларға сапалы талдау жасауды тапсырды. Орын алған жайтпен емес, қылмысты болдырмаудың жолдарын тауып, осы бағыттағы жұмысты күшейтуді жүктеді.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мемлекеттік аппаратты жаңғыртып, бюрократиядан барынша арылту үшін жүйелі жұмыстарды жалғастыру қажет екенін де айтты. Нағыз құқықтық мемлекет құру үшін ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Бұл бағытта жемқорлықты жүйелі негізде жою жөнінде жоспар әзірлеуді тапсырамын, – деді өңір басшысы.