Астана қаласында асық атудан Азия чемпионаты аяқталды. Сары құрлық елдерінің спортшылары бас қосқан бәсекеге 9 елдің спортшылары қатысып, жеңімпаздарды анықтады. Қазақстан құрамасы сапында Түркістан облысының қос саңлағы Алмас Қарабаев пен Амандос Айтқұлов өнер көрсетіп, алтыннан алқа тақты.


Ұлттық спортымыз асық ату спортынан жерлестеріміз ірі додаларда өңір намысын жоғары дәрежеде қорғап келеді. Осы орайда асық атудан Елордамыз Астана қаласында өткен  Азия чемпионатында Түркістан облысының қос спортшысы Қазақстан Ұлттық құрамасы сапында Ел намысын қорғады. Бұл байрақты бәсекеге отандастарымыз екі команда қойды. «Қазақстан - 1» құрамасында өнер көрсеткен түркістандық еліміздің мақтанышы Алмас Қарабаев Азия чемпионатында жеңімпаз атанып, алтын медаль иеленді.
Сары құрлық елдерінің ең таланты саңлақтары бақ сынасқан бұл чемпионатқа Моңғолия, Пәкістан, Ресейдің Алтай өңірінен және Үндістан, Қытай, Өзбекстан барлығы 9 елдің спортшылары қатысып, бақтарын сынады. Дарынды спортшылардан құралған «Қазақстан - 1»  ұлттық құрамасы командалық есепте бас жүлде иеленіп,  «Қазақстан - 2» командасы 2 орынды жеңіп алды. Ал, Қырғызстан құрамасы үшінші орында тұрақтады. Атап айтар болсақ бұл жарысқа Ұлттық құрамаға біздің облысымыздың оның ішінде Түркістан облысының ұлттық спорт мектебінің екі спортшысы арнайы шақыртылып ұлттық құрама сапында ел намысын қорғады. Түркістан облысында жастар арасында қазір асық ату әлемдік деңгейде дамып келеді. Бұл ретте, асық атудан Түркістан облысының аға бапкері, асық ату федерациясының президенті Оралхан Айдарханұлы бұл жарыстың маңыздылығына кеңінен тоқталды.
Жеңімпаз жерлестерімізді Шымкент темір жол вокзалынан облыстық ұлттық спорт мектебінің ұжымы мен туған-туыстары зор құрметпен қарсы алып, спортшыларға арнайы гүл шоқтарын табыстап, алдағы өтетін әлемдік додаларда Ел намысын жоғары дәрежеде қорғайды деген сеніммен тарқасты.