Өткен жылға қарағанда, биыл Абай ауданында өрт оқиғасы көбейген. Жыл басынан бері 58 жағдай тіркеліп, біреуі адам өлімімен аяқталған. Орын алған бақытсыз оқиғалардың басым дені тұрғын үй секторларына тиесілі екен. Бұл туралы, Абай аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Эльдар Паттахов баспасөз отырысы барысында мәлімдеді.


11 айдың ішінде Абай ауданының аумағында 58 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан бір адам көз жұмып, 1 млрд.056 млн. 521 мың теңгенің материалдық шығыны келген. Орын алған 45 жағдай тұрғын үй секторына тиесілі болса, қалғаны ірілі-ұсақты кәсіпорындар аумағында болған. Бұл ретте, әрбір екінші өрт электр жабдықтарын орнату және техникалық пайдалану ережелерін бұзудан туындайды екен.  
15 тамыздан бастап қала аумағында "Өрт қауіпсіздік айлығы" бастау алғаны белгілі. Осы орайда, тұрғын үй секторында, әсіресе, шалғайдағы шағын аудан тұрғындарына жылыту маусымы кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылған. «Өрт қауіпсіздігі айлығы», «Жатақхана», «Улы газдан сақ болыңыз», «Әр үйге қауіпсіздік» акциясы аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Сонымен қатар, тұрғын үй секторындағы өрттермен жағдайды тұрақтандыру үшін жергілікті атқарушы органдары мен демеушілер арасында меморандумдар жасалғанын айта кетейік. Бұл ретте, улы газды анықтайтын 16 газ датчигі халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлеріне орнатылған. Баспасөз отырысы барысында төтеншеліктер тұрғындардың мынадай мәселелерге мән берулерін сұранып отыр.
Сондай-ақ, брифингте өрт сөндіру көліктерінің шақыртылған нысанға жету жолындағы түрлі кедергілері де айтылды. Салдарынан шығынның көлемі артатынын тілге тиек еткен төтеншеліктер, жүргізушілер түсіністікпен қараса, дейді. Бұл ретте, арнайы көліктерге жол бермеу бойынша, айыппұл бар екенін естеріңізге саламыз.